Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Павлодар облысы

МАЙДАНГЕРЛЕРДІ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

МАЙДАНГЕРЛЕРДІ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай облыс әкімі Болат Бақауов Ақсу өңіріндегі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді құттықтады.
Ақсу өңірінде Ұлы Отан соғысына қатысқан батырларымыздың қатары сиреді. Бүгінде 4 ҰОС ардагері қалды. Облыс әкімі Ақсу шаһарында тұратын Құдайберген Қапсалямов, Кирилл Винокуров және Қалқаманның тұрғындары Василий Московченко мен Иван Кондрашовтың шаңырағында болды. Бүгінде батырларымыздың төртеуінің де жасы 90-нан асқан. Олардың әрқайсысымен тілдесіп, қал-жағдайын сұраған Болат Жұмабекұлы, гүл шоқтары мен себет толы жеміс-жидек сыйға тартты. Сондай-ақ, ҰОС ардагерлерінің әрқайсысына 500 мың теңгенің 9 мамырға дейін берілетіндігін де айтты. - Келе жатқан мереке құтты болсын. Сіздерге ең бастысы зор денсаулық тілеймін. Біз сіздердің ерліктеріңізді әрдайым есте сақтаймыз, -деп ақжарма лебізін білдірді облыс әкімі. Өз кезегінде майдангерлер де Болат Жұмабекұлына алғыстарын білдіріп, қызметінде сәттілік тіледі. Басшылық тарапынан көрсетіліп жатқан құрмет пен ілтипатқа ризашылықтарын білдірді. Әрине, уақыт өз дегенін алады. Соған қарамастан ардагерлеріміз газет оқып, күнделікті жаңалықтардан хабардар екендіктерін де жеткізді. Құдайберген Қапсалямов қан майданға 17 жасында барды. Забайкалье әскери округінде жас сарбаздармен бірге 34-ші жеке танкіге қарсы жойғыш дивизионында алғашқы дайындықтан өтеді. Ол Берлинді алу жолында көптеген қалаларды неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге атсалысқан. Кирилл Винокуров 1943 жылдың күзінде Қызыл Әскер қатарына шақырылған. 1944 жылдың наурыз айында II Балтық майданы 93-ші гвардиялық полкінің миномет батальонының 29-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында миномет есебінің командирі, бөлімше командирі және взвод командирінің көмекшісі лауазымында соғысты. Новгород облысының Опочка қаласын алу кезінде 1944 жылы 12 шілдеде Кирилл Кузьмич аяғын жарақаттады. Госпитальдан шыққаннан кейін Горький қаласына 16-шы жеке оқу танк полкіне жіберілді, онда Жеңісті қарсы алды. Василий Московченко 1944 жылдың қарашасында Павлодар облысының аудандық әскери комиссариатынан шақырылды. Алғашқы күннен бастап 1944 жылдың қарашасынан 1945 жылдың мамырына дейін Фин фронтына кетті, Қиыр Шығыс, 1-ші Қиыр Шығыс майданы, 1945 жылдың мамыр айынан 1951 жылға дейін 31 артиллериялық полктің құрамында соғысқан. Иван Кондрашов 1942 жылдан 1945 жылдың мамырына дейін Оңтүстік, 4-ші Украин, 1-ші Украин майдандарының құрамында соғысқан. «I, II дәрежелі Отан» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» және басқа да медальдармен марапатталған. Отаным деп кеудесіндегі жанын беретін батырларымыз құрмет пен марапатқа әрдайым лайық. Бейбіт күнді сыйлаған жерлестеріміздің ерлігі мен батырлығын мақтан тұтамыз. Суреттерді түсірген – Е.Жұмаділов.

басқа жаңалықтар