Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Павлодар облысы

БЕЙБІТШІЛІК - БАҚЫТЫМЫЗ

БЕЙБІТШІЛІК - БАҚЫТЫМЫЗ

"Эльбрус" қарашай-черкес және қабарда-балқар  этномәдени бірлестігі осыдан 8 жыл бұрын ұйымдастырылған болатын. 2011 жылы этномәдени орталықтың төрағасы болып Ақсу қаласының тұрғыны, белгілі спортшы, таэквондодан жаттықтырушы Бекболат Ысқақов сайланды.

- Біздің қабарда-балқар және қарашай-черкес этномәдени бірлестігінің мақсаты - тілді, тарихты білу, халықтың мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау, оның қолданбалы өнерімен ұлттық ас үйімен танысу. Жастарды қала өміріне белсенді қатысуға, басқа халықтардың өкілдеріне, үлкендерге құрмет көрсету, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеу. Біздің бірлестік шағын, алайда бұл адамдардың жұмыс істеуге деген ынтасы үлкен. "Эльбрус" баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтайды және барлығыңызға денсаулық, бақыт пен бейбітшілік тілейді, - деп ақжарма лебізін білдірді Бекболат Ысқақов.

Аталмыш орталықтың өкілдері қаламызда көп емес. Оның басым көпшілігін оқушылар мен жастар құрайды. Бекболат Ысқақовтың әкесі - Жексенбай Ысқақов қазақ болса, анасы -  Жансұрат Бучекеева балқар ұлтының қызы. 1944 жылдың наурыз айында Кавказдан Қазақстанға жер аударылған.

Ал Бекболаттың өзінің әйелі қазақ -  Гүлнар Ермекқызы. Балалары қаламыздағы №2 орта мектепте оқиды. Олар қазақ тілінде өте жақсы сөйлейді және әжесі оларды балқар тіліне үйретеді. Олар аптасына 2 рет Павлодардағы  "Достық" үйіне барады. Онда олар балқар тілін, би, ән, өлеңдерді меңгереді.

Айта кетелік, Бекболат Ысқақовты көбі бүркітші ретінде жақсы таниды. Ол 2013 жылдан бастап бүркіт баптауды қолға алған. Бала кезден бергі қызығушылығы көрінеді.

Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен қаншама халық  өмір сүруде. Барлығы да еліміздің өркендеп өсуі жолында аянбай еңбек етуде. Отбасын құрып, балаларын өз салт-дәстүрлерін сақтап, өзгеге құрмет көрсетуге тәрбиелеуде. Басымызға бұйырған бақытымыз мәңгілік болсын!

басқа жаңалықтар