Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Павлодар облысы

"САҒЫНДЫМ, АПА, ДАУСЫҢДЫ"

"САҒЫНДЫМ, АПА, ДАУСЫҢДЫ"

Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайында өнер жұлдыздарының қатысуымен Кеңестер Одағының Халық әртісі, Халық Қаһарманы Роза Бағланованы еске алуға арналған "Сағындым, апа даусыңды"  атты кеш өтті.

Роза Бағланованың өмірбаянына қысқаша шолу жасар болсақ.  Ол 1922 жылы Қызылорда облысында туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Оның шығармашылық жолы Ұлы Отан соғысы жылдары басталды. 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысқан. 1947-1949 жж. Абай атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрында істеді. 1949

жылы Бухарестте өткен бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің 2-фестивалінің лауреаты атанды. 1949-1960 жж. Жамбыл атындағы Республикалық филармонияда жұмыс істеді. 1960 жылдан Қазақконцерт солисі. Роза Бағланова сирек талантты әнші, әлем халықтары әндерін шебер орындаушы. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқады. Гастрольдік сапарға шығарда Роза Бағланова міндетті түрде сол баратын елінің тіліндегі әнді үйренеді. Бірақ, қазақтың халық әндерін оның орындауында тыңдау ләззатына ештеңе тең келмейді.

Кезінде Сәбит Мұқанов:

"Киіктің үйірілген лағындай,

Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!

Таулардан, өзендерден, мұхиттардан,

Үнінің кідірместен асуын-ай!.." деп жыр арнаған.

Алты Алаштың аймаңдай аруы Роза Бағланованы еске алу кеші Ақсу төрінде өтті. Ғұмырында сахнамыздың сәні болған Роза Тәжібайқызының салған әндерін  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бақыт Шадаева,  Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әнші Гүлмира Ақүрпекова шырқап, әнші рухын жаңғыртты.

Роза Бағланованы еске алу кешінде Гүлмира Ақүрпекова  апаның жанында бірге жүріп талай мәрте  концертпен жолға шыққандарын айтты. Сондай-ақ, елге белгілі әнші "Мен қазақтың қызымын", "Абай арманы", "Әнім сен едің", "Қайықта", "Бақыт құшағында", "Тамды аруы",  "Досым сыйлаған гитара"  әндерін орындады. Бақыт Шадаева  Роза Тәжібайқызымен бірге жүрген сәттерін айтып, "Алматым жүрегімде", "Кентауым", "Аңса жаным", "Айналайын, алтыным-ай" әндерін шырқады.

Кешті ұйымдастырушы Роза Бағланованың продюсері болған Қуаныш Әбдіқалымов  соңында  Роза Тәжібайқызы өмірінің соңғы сәттерінде елімізді аралап еске алу кештерін өткізіп тұруды аманат етіп кеткен еді. Сол аманатты орындап, Қазақстанның барлық облыстарын аралап жүрген жайымыз бар. Роза Бағланова апамыз 90 жасына 10 ай ғана жетпей өмірден өтті. Қазақ жұртына ғана емес, КСРО аталған алып мемлекетке танымал болған әйгілі әнші бақытты ғұмыр сүрді деп айта аламын. Роза апамыздың жанында 24 жыл бірге жүріп, көмекші болдым. Бармаған жерім, баспаған тауым болмады, апамның арқасында талай-талай азаматпен етене болып кеттім. "Бақыт деген не?" десе, бақытты адамдардың қасында жүріп, қызмет ету дер едім, дейді Қазақстан Республикасының мәдениет қызметкері Қуаныш Әбдіқалымов ағынан жарылып. Еске алу кешінде көрермендер әйгілі әнші туралы деректі фильм тамашалап, естеліктер тыңдады.

"Сағындым, апа, даусыңды" атты Роза Бағланованы еске алу кешінің соңында сахна төріне Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Балтабай Қаппасов көтеріліп игі тілегін білдіріп, қала әкімі атынан алғыс хат пен гүл шоғын табыс етті.

Суретті түсірген - А.Көшербаев. 

басқа жаңалықтар