Қазақ
USD 377,99
EUR 426,11
RUB 5,75
Павлодар облысы

ТАТУЛЫҚ - ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

ТАТУЛЫҚ - ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Елдің тыныштығы мен бірлігін басты орынға қоятын мемлекеттің болашағы жарқын болмақ. Елімізде осы ұстаным берік сақталып келеді. Соның арқасында 130-дан астам ұлт Қазақстанда тату-тәтті өмір сүруде.

Әр ұлттың өзіне ғана тән салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мәдениеті, діні мен тілі бар. Кімнің болмасын ананың сүтімен дарыған басты байлықтарын жоғары қоюға тырысатын анық. Бұл - табиғат заңдылығы. Сондай-ақ, олардың осы ұстанымдарына құрметпен қарайтын елде өмір сүрулерін бақыт деп санайтыны сөзсіз.

Осы орайда, алдағы 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күніне орай  қаламыздағы бірнеше этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысқан едік. Солардың бірі - "Возрождение" этномәдени бірлестігінің неміс орталығы. Жетекшісі - Анна Воронина.

Аталмыш орталық өз тарихын 1995 жылы бастаған. Орталыққа тек қана неміс ұлты емес, қызығушылық танытқандар да келе алады. Уақыт өте келе орталық бірнеше бағыт бойынша жұмыстарын жалғастыруда. "Возрождение" неміс орталығының базасында осы жылдар ішінде балалар жексенбілік мектебі құрылды.

Бұдан бөлек, "Falter" хореографиялық ансамблі (жетекшісі - Наталья Колесникова) қалалық іс-шаралардың тұрақты қатысушысы. Ансамбльге арналып  2018 жылы әдемі сахналық киімдер тігілген. "Basteln" қолданбалы шығармашылық үйірмесінің жетекшісі - Тамара Гуляева, қолданбалы шығармашылық көрмелеріне белсенді қатысады.

Орталықта сонымен қатар, "Bunt" балалар музыкалық театры бар, оның жетекшісі - Анна Воронина. Өзінің бес жылдық тарихында қоржындарында С.Дөнентаев мәдениет сарайының сахнасында қойылған, қалалық және облыстық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болған 6 қойылымы бар.

"Bunt" жастар театры 2018 жылдың маусым айында құрылды. Өткен жылдан  бастап "Traum" жастар клубы жұмыс істейді. Оның негізінде "Школа благородных девиц" құрылған. Онда неміс жастары фраудан неміс асханасы және қолөнерін меңгереді. Орталықтың ұстанатын өз дәстүрлері бар және олар неміс мерекелерін атап өтеді. Оған егін мерекесі, аза тұту күні, Рождество, Ана Күні, Пасха жатады. Сондай-ақ, олар Павлодар қаласының қалалық саябағында өтетін "Бір отбасында өмір сүреміз" атты неміс мәдениетінің дәстүрлі фестивалінің белсенді қатысушысы.

"Возрождение" неміс орталығының жетекшісі өздерінің алдағы жоспарларымен де бөлісті.

- Біз қаламыздағы ғана емес облыстық, республикалық деңгейдегі фестивальдерге белсенді қатысамыз. Қазіргі таңда Қазақстанда неміс қозғалысының 30 жылдығы шеңбері аясында 2019 жылы 10 мамырда С.Дөнентаев мәдениет сарайында өтетін неміс мәдениетінің фестиваліне дайындалудамыз. Сонымен қатар, "Bunt" жастар театры Нұр-Сұлтан қаласында өтетін неміс ұжымдарының қатысатын театрландырған фестиваліне дайындалу үстінде. Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Татулық пен бірлікте өмір сүрейік, -  деді Анна Воронина.

басқа жаңалықтар